22 қыр, 2021 сағат 19:01

Алматыдағы атыс: cот күдіктінің әйелі түсірген шағымды кейін қарайды


Қалалық сот Алматыда бес адамды атып өлтірген Игорь Дужновтың әйелі түсірген шағымды қарауды кейінге қалдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Анаида Демирчян қалалық сотқа осыған дейін аудандық сот кейінге қалдырып келген отбасын үйден шығару туралы шешімге қатысты апелляциялық шағым түсірді. Бірақ Алматы соты талапкердің болмауына байланысты отырысты кейінге қалдырды. Себебі, үйдің жаңа иесі атыс кезінде қаза тапты. Заңға сәйкес, оның қайтыс болғаны туралы куәлік қажет. 

Бұл құжат әлі дайын болмағандықтан, сот шағымды қарауды 5 қазанға қалдырды. 

Айта кетейік, 20 қыркүйекте кешке Алматыда атыс болды. 54 жастағы ер адам үйден шығару туралы сот шешімін орындауға келген сот орындаушысына, полиция қызметкерлеріне және аулада болған өзге екі адамға аңшы мылтығынан оқ жаудырған. Нәтижесінде бес адам қаза тапты. Екі полиция қызметкері, бір жеке сот орындаушысы және екі тұрғын. Олардың бірі - үйдің жаңа иесі, екіншісі - оның танысы.

1967 жылы туған күдікті ұсталды. Ол 20 жылға немесе өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.