Алматы полициясы атыс дерегі бойынша екі қылмыстық іс қозғады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қалалық полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов брифингте Ақбұлақ шағынауданындағы жеке үйде жасалған қылмыс дерегі бойынша екі іс қозғалғанын хабарлады.
«Кісі өлтіру» және «Билік өкіліне шабуыл жасау» баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Одан жауап алынып жатыр. Мәліметтер анықталуда.
Белгілі болғандай, ер адам аңшы мылтығынан оқ атқан. Қару оның атына 2008 жылы тіркелген, күдікті психиатриялық диспансерде есепте жоқ», - деді Қанат Таймерденов.
Оның айтуынша, ведомствоаралық жедел топ құрылды, алдағы уақытта тергеу нәтижелері бойынша полиция толық ақпарат беретін болады.
«Қызмет барысында қаза болған полиция қызметкерлерінің отбасыларына көмек көрсетіледі. Олардың кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар», - деді спикер.
Айта кетейік, 20 қыркүйекте кешке Алматыда атыс болды. 54 жастағы ер адам үйден шығару туралы сот шешімін орындауға келген сот орындаушысына, полиция қызметкерлеріне және аулада болған өзге екі адамға аңшы мылтығынан оқ жаудырған. Нәтижесінде бес адам қаза тапты. Екі полиция қызметкері, бір жеке сот орындаушысы және екі тұрғын. Олардың бірі - үйдің жаңа иесі, екіншісі - оның танысы.
1967 жылы туған күдікті ұсталды. Ол 20 жылға немесе өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.