13 қаз, 2021 сағат 14:26

Алматыдағы Ахмет Байтұрсыновтың мұражай-үйі әкімдік меншігіне қайтарылды


Алматыдағы Ахмет Байтұрсыновтың мұражай-үйі әкімдік меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мұражай-үйді қоғамдық қордан коммуналдық меншікке беру туралы шешім қабылданғанын айтты. 

«Келер жылы көрнекті ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толады. Мерейтойға дайындық барысында қоғам қайраткері тұрған мұражай-үйді қала меншігіне қайтардық. Оның мұрасы мәңгілік сақталады», - деп жазды Бақытжан Сағынтаев өзінің Twitter-дегі аккаунтында. 

ХХ ғасырдың басында салынған мұражай ғимараты республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Ғимараттың жалпы ауданы – 160 шаршы метр.

Мұражай 1993 жылы құрылды және 1998 жылы ресми түрде ашылды.

Онда Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін 500-ге жуық құнды материал сақталған.