24 жел, 2021 сағат 15:46

Алматыда жыл басынан бері тұрмыстық газды пайдалану кезінде 28 жазатайым оқиға болды


Алматыда жыл басынан бері тұрмыста газ жабдығын пайдалану кезінде 28 жазатайым оқиға болды. Бұл туралы Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Александр Рау мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

28 жазатайым оқиғаның 17-сі табиғи газбен улану (36 адам зардап шекті, оның ішінде 22 бала, 3 адам қаза тапты), 11-і газ-ауа қоспасының жарылуы (6 адам түрлі ауырлықтағы күйік алды) болды. 

«Жүргізілген талдауға сәйкес, өрттің, жарылыстың және адамдардың улы газбен улануының 60%-ы адамдардың жылыту аспаптарын, газ жабдығын пайдалану кезінде өздерінің немқұрайлы қарым-қатынасынан туындайтынын көрсетті. Тұрғындар мұржалардағы бітелуді бақыламайды, мұржаны дұрыс қоспайды, сондықтан оның тұтастығы бұзылады. Тұрғындар газ плиталарын қараусыз қалдырған жағдайлар болды. Жазатайым оқиғалардың тағы 40%-ы газдың шығуы, резеңке түтіктің тозуы, газ баллондарының дұрыс сақталмауы салдарынан орын алады», - деп атап өтті Рау. 

Сондай-ақ, ТЖ департаментінің өкілі адамдардың газды абайсыз қолдануы қайғылы жағдйға әкелетіні туралы мысалдар келтірді. 

«Мәселен, газдың ағып кету оқиғасы биыл 29 қаңтарда Ибрагимов көшесіндегі көп қабатты үйлердің бірінде болды. Оқиғаға ас үйдегі газ баллонының редукторындағы шлангтың тұтастығын бұзу себеп болды. Осы себепті тұтану пайда болды, нәтижесінде бір адам дененің 80% термиялық күйік алды. 

Тағы бір қайғылы оқиға 26 сәуірде Физули көшесіндегі жеке үйде орын алды. Табиғи газбен жылыту пешінің ақауы салдарынан адам қайтыс болды. Себеп – жалынның сөнуі және бөлмеге газдың кейіннен ағу, пештің автоматикасы газ беруді өшірмеуі, сигнализация клапанының жұмыс істемеуі. 

Тағы екі алматылық 1 желтоқсанда Ақан сері көшесіндегі үш қабатты көппәтерлі тұрғын үйде қаза тапты. Онда түтін мұржасының дұрыс жалғанбауынан жану өнімдерінің пайда болуы орын алды. Пәтерде жылыту құрылғысы кәсіби емес түрде салынды, мұржаның орнына екі метрлік гофрленген құбыр орнатылды, газ беруді автоматты түрде тоқтататын құрылғы болмады», - деді Александр Рау. 

Александр Рау осы жазатайым оқиғалардың себебі газ аспаптарының түтін мұржалары мен желдеткіш арналарына сапасыз және формальды техникалық қызмет көрсету болғанынан екенін айтты. 

ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы газ баллондары мен газ жабдықтарын осы өнімді өткізуге сертификаттары бар мамандандырылған ұйымдардан ғана сатып алуға шақырды. 

«Ешқашан газ құрылғыларын, оның ішінде газ баллондарын бөтен адамдардан сатып алмаңыз. Мамандардың қызметіне жүгініп, газ жабдықтарын жыл сайын тексеріп отыру қажет. Желдету арналарын қадағалаңыз, бөлмені үнемі желдетіңіз, әсіресе, жатар алдында. 

Газ жабдығымен өз бетінше іс-әрекет жасауға, тиісті рұқсатсыз газдандыруды жүргізуге, газ аспаптарын жөндеуге және орнын ауыстыруға кездейсоқ адамдарды тартуға тыйым салынады. Газбен байланысты жұмыстардың барлық түрлерін мамандандырылған ұйымдар ғана орындауы тиіс», - деп ескертті Рау. 

Айта кетейік, ТЖД мәліметінше Алматыда бүгінде қатты отынмен жылытылатын 1 646 үй, 13 көппәтерлі тұрғын үй бар. Сондай-ақ, тұрмыста газ баллондары қолданылатын 312 көппәтерлі тұрғын үй бар. Бұл негізінен қазіргі уақытта тұрғындар жекешелендірген бұрынғы жатақханалар болып табылады.