Алматыда жол талғамайтын көлік жүргізушісі тұрақ ақысын төлемеу үшін жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен жүрген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, патрульдік полицейлер Mitsubishi Pajero көлігін Абылай хан мен Қазыбек би көшелерінің қиылысында ұстады.
«Көлікке орнатылған екі түрлі мемлекеттік тіркеу нөмірі тәртіп сақшыларының назарын аударды. Оның иесі бірден анықталды. Ер адам өзін қорғап алу мақсатында тұрақ ақысын төлемеу үшін жалған нөмір орнатқанын мойындады. Бұл әрекеттер заңға қайшы келеді және әкімшілік жауапкершілікті жүктейді», - деп хабарлады полициядан.
Құқық бұзушыға айыппұл салынды. Сонымен қатар, көлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.