01 ақп, 2024 сағат 15:51

Алматыда ЖОО-лардың бірінен түтін шығып, студенттер эвакуацияланды

Фото: Kazinform коллажы / t.me/ztb_qaz

Алматыда Satbayev University-нің бас оқу ғимаратынан (Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті) түтін шықты. Әлеуметтік желіде оқу орнынан эвакуацияланып жатқан студенттердің видеосы тарап жатыр.

Университеттің баспасөз қызметі ғимараттың жылу желісінен ақау шыққаны және қабаттардың бірінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады, деп жазады Kazinform агенттігі.

«Жөндеушілердің бірі болгарка құралымен жұмыс істеп жатқан сәтте одан шыққан ұшқын шүберек затқа түсіп, ол біртіндеп түтіндеп, иісі шыға бастаған. Шүберек зат өрт сөндірудің барлық ережесіне сәйкес жойылды. Ешқандай өрт шыққан жоқ, бірақ дабыл ойнаған соң, сол қабаттағы адамдар сыртқа эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлады ЖОО баспасөз қызметі.