09 жел, 2020 сағат 15:42

Алматыда жолдың ортасында шахмат ойнаған пранкерлер 10-15 тәулікке қамалды

Алматы полицейлері жол бойында шахмат ойнаған пранкерлерді қамауға алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Блогерлер Әкімшілік құқық бұзу кодексінің «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша жазаланды. 

Істі Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қарады. 

«Сот шешімі бойынша ойыншылардың бірі - 15 тәулікке, екіншісі - 10 тәулікке қамалды. Олар қазір Алматының қабылдау-тарату орнында» деп хабарлады қалалық полиция департаменті.

Сондай-ақ, сот шешімімен құқық бұзушылардың жүріп-тұруына үш ай мерзімге ерекше талап қойылды.

Еске салайық, 7 желтоқсан күні әлеуметтік желіде әл-Фараби даңғылының бойында шахмат ойнап отырған пранкерлердің видеосы тараған болатын.

Сол күні Бостандық аудандық полиция басқармасының басшысы Ұлан Әбілқайыр Facebook желісіндегі парақшасында пранкерлер полицияға жеткізілгенін хабарлады.