Алматыда көлік жүргізушілерінің арасындағы жанжал төбелеске ұласты. Оқиғаны жәбірленуші тарап видеоға түсіріп алған.
Желіде тараған видеодан ер адамның "Кобальт" көлігінің жүргізушісін ұрып жатқанын көруге болады. Алдымен жұдырықпен ұрған ол кейін бетінен тіземен тепкен. Жанжал жол үстінде болған. Мұны көрген өзге жүргізушілер ер адамды тоқтатты.
Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, күдіктінің ұсталғанын хабарлады.
"Ұрып-соғу дерегіне қатысты Әуезов ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді. Дене жарақаттарының деңгейін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қорытындысы бойынша тергеу материалдары сотқа жіберіледі", – делінген хабарламада.