
Алматыда үш жолайрықтың құрылысы мен көшелерді ұзарту жұмысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құжатқа сәйкес, қалада үш жолайрықтың құрылысы жүріп жатыр. Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесі қиылысындағы жолайрықты 2021 жылдың желтоқсанына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесі қиылысында жолайрық 2022 жылдың желтоқсанына қарай аяқталады. Құлжа тасжолы мен Бұқтырма көшесі қиылысындағы жолайрық құрылысы 2022 жылдың ақпанында тәмамдалады» деп хабарлады қалалық әкімдіктен.
Сонымен қатар, қалада екі көше 6,2 шақырымға дейін ұзартылады:
– Абай даңғылы, ұзындығы 3 шақырым (аяқталу мерзімі - 2021 жылдың желтоқсан айы);
– Саин көшесі, ұзындығы 3,2 шақырым (аяқталу мерзімі - 2021 жылдың желтоқсан айы);
Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 9,8 шақырым болатын 2 көшеде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Атап айтсақ, Жандосов көшесі - Сүлейменов көшесінен Тілендиев көшесіне дейін (аяқталу мерзімі - желтоқсан 2021 жыл) және Яссауи көшесінен Рысқұлов көшесіне дейін (аяқталу мерзімі – 2021 жыл).
