02 қыр, 2020 сағат 12:00

Алматыда жоғалып кеткен 9 жасар бала табылды

Алматыда жоғалып кеткен 9 жасар Месут Мырзақұлов табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қалалық полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, бала дін аман. 

«Месут досына қонаққа барған. Атасы мен әжесіне сол үйде екенін айтқан. Кеш болып кеткендіктен сол үйге қонған. Баланың ісін шалалық деуге де болады. Бірақ түнімен баланы полиция мен кинологтар іздеді. Таңертең іздеу шараларына мұғалімдер мен еріктілер қосылды. Баланың дін аман табылғанына қуаныштымыз.

Қазір оны ата-анасына табыстап жатырмыз. Іздеуге атсалысқан азаматтарға көп рахмет», - деді қалалық Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков.

Бұған дейін Алматы полициясы 9 жастағы Месут Мырзақұлов 1 қыркүйекте түскі 13:00-де үйінен шығып содан оралмағанын хабарлаған болатын. 

Оқушы әжесі жұмыс істейтін №33 мектепке барғаны анықталды. Бейнебақылау камералары баланың Ш.Қалдаяқов көшесімен оңтүстік бағытта келе жатқанын көрсетті. Оның үйі жеке секторда, тауға жақын, Кеңсай зиратының артында орналасқан. 

Оны іздестіруге 250 адам жұмылдырылды. Ұлттық ұланның 100 жауынгері, жедел әрекет ету бөлімінің 20 қызметкері, ювеналды полицияның 50 инспекторы және аудандық деңгейдегі учаскелік полиция инспекторы, қалалық криминалдық полицияның 40 жедел уәкілі, Месут оқитын мектептен 20 ерікті және 5 мұғалім тартылған еді.