Фото: Polisia.kz
Алматы облысы полицейлері интернет алаяқтық қылмыстарына қатысы бар 22 жастағы жігітті ұстады, деп хабарлайды Ult.kz.
Белгілі болғандай, күдікті әлеуметтік желіде жиһаз құрастыру бойынша жалған парақшалар ашып, жәбірленушілердің тапсырысын қабылдап, ақшаларын иемденіп отырған.
"Күдіктінің Түркістан облысы көлемінде 4 қылмыстық іске, ал республика бойынша 18 іске қатыстылығы анықталып отыр", - дейді полицейлер.
Сондай-ақ Түркістан облысында полиция 80-нен астам тұрғынды алдап, 337 миллион теңге шығын келтірген 34 жастағы күдіктіні ұстады.
"Аталмыш күдікті жәбірленушілерге ақша қаражаттарыңызды көбейтіп беремін деп сенімдеріне кіріп, онлайн-несие рәсімдеген. Алаяқтық жолмен тапқан қаражатты жеке басының пайдасына жаратқан. Тексеру кезінде күдіктінің жалпы 87 жайтқа қатыстылығы дәлелденді. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 337 миллион теңгеден асты", - делінген хабарламада.
Күдіктілер қазіргі уақытта ұсталып, тергеу жалғасуда.
Айта кетсек, бұл қылмыстар “Anti-fraud” жедел-профилактикалық іс-шарасының бірінші тәулігінде анықталды. Жалпы іс-шараның алғашқы тәулігінде Түркістан облысының полицейлері жоғарыдағы қылмыстардан бөлек, бұрын тіркелген 5 қылмысты ашты. 18 дана контрафактілік өнімдер тәркіленді.