12 қаз, 2020 сағат 09:56

Алматыда жеті адам табиғи газдан уланып қалды

Алматыда жылыту маусымы басталғалы, 7 адам табиғи газдан уланып қалды. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласы ТЖД зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқарма бастығының міндетін атқарушы Талғат Дүйсебаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қатты отынмен жылытылатын үйлердің саны азайғанымен, табиғи газбен улану қаупі артып келеді. Сонымен, қыркүйек айының басынан бастап, ағымдағы жылыту кезеңінде 7 адам табиғи газдан уланып үлгерді, оның 3-уі бала . Сондай– ақ, 4 адам қатты отын (көмір) пешінің көміртегі тотығынан уланды, оның 2-уі бала», - деді Талғат Дүйсебаев.

Оның айтуынша, осыған байланысты, Тұрғын үй саясаты басқармасы мен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ- на «Газ тарату жүйелері» 8.12 тармағына сәйкес, газ жүйелері мен жабдықтарын тек қана газдың ағып кету датчиктері (газ анализаторы) болған жағдайда ғана пайдалануға беру ұсынылды.

Сонымен қатар, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар арасында ысқа улануды болдырмау үшін келесі негізгі ережелерді сақтау қажеттігін ескертеді:

– үйдегі барлық электр сымын жарамды күйде ұстаңыз;

– жылу беру кезеңінде, жылыту пештерінің мұржасын, күйе құбырын тазартыңыз;

– мұржадағы тартқышты тексеріп, түнде мұржаны жаппаңыз;

– ағаш, зығыр мата және басқа жанғыш заттарды пеште, мұржада және басқа да жылыту құрылғысында кептіруге жол бермеңіз;

– автономды жылыту және газ құрылғысыын қауіпсіз пайдалану ережесін сақтаңыз.