- Алматының Түркісіб ауданында алаяқтық жасады деген күдікпен 39 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдікті Түркісіб ауданы Қайрат ауылындағы өзіне тиесілі емес жерлерді сату мақсатында заңсыз келісімдер жасасқан.
«Күдіктінің сөзіне қарағанда, ол әкесіне тиесілі болған 12 және 8 сотық жер телімінің құжаттарын тауып алып сатпақ болған. Бірақ, сатып алушыларға басқа жерлердің құжаттарын көрсеткен. Факт бойынша, қазіргі уақытта ол жер телімідері өзге адамдарға берілген. Оны күдіктінің білмеуі мүмкін емес. Келісім жасаса отырып ол, сатып алушының ақшасын алып, құжаттарды ресімдеуді уақытының жоқтығына сілтей отырып созып келген. Өкініштісі, сатып алушылар, құжаттардың дұрыстығына көз жеткізбестен қомақты қаражаттарын берген», - деді Түркісіб ауданы ІІБ басшысы, подполковник Жасұлан Тұрысбаев.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Қазір ол кінәсін мойындап, келтірген шығынды қайтарып беретінін айтып отыр.
Оқиға бойынша ҚР ҚК 190-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта полиция нақты шығын сомасын анықтау үстінде. Сонымен қатар, күдіктінің өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.
Полиция осы іске байланысты 298-54-00, 298-54-01 нөмірлеріне хабарласуды сұрайды.