05 ақп, 2024 сағат 17:11

Алматыда жер сілкінісінен жарықшақ түскен үйлерді тұрғындар өзі жөндейді


Фото: Pexels

3 қаңтардан бері тұрғындардан жер сілкінісінен кейін үйінде жарықшақ пайда болғаны туралы 188 шағым түскен, оның 70-і — көпқабатты үйлерде. Бұл туралы Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Kazinformға сілтеме жасап.

Асқар Әмриннің сөзінше, бұл адам өміріне қауіп төндірмейді. Құрамына әкімдік өкілдері мен сарапшылар кірген жұмыс тобының бағалауынан кейін осындай қорытынды шығарылған. 

Жер сілкінісінен зардап шеккен әлеуметтік инфрақұрылым нысандары бюджет қаражаты есебінен жөнделеді.

«Көпқабатты тұрғын үй кешені, кондоминиум нысандары ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізіп, өз қаражаты есебінен бұл жарықшақтарды жабады. Әлеуметтік инфрақұрылымға жататын нысандар бюджет қаражаты есебінен белгіленген тәртіппен қалпына келтіріледі», — деді Асқар Әмрин Алматы қаласын жоспарлау жобасын таныстыру барысында.

Сондай-ақ ол осы айда Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының (ҚазҚСҒЗИ) сарапшылары бүкіл 188 нысанға сараптама жүргізіп, ресми қорытынды беретінін айтты.