Алматыда жаңа төрт жолақты жол ашылды. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жолды жақсарту бойынша ауқымды жұмыс жалғасуда – жаңа жол салып, бар жолды жөндеп, ұзартудамыз. Жақында Алатау көшесінің Сәбденов көшесінен Райымбек даңғылына дейінгі 2 шақырымдық учаскесі ашылды. Төрт жолақты жол Наурызбай ауданының әкімшілік орталығын қаланың ірі магистралімен байланыстырды. Абай даңғылын ұзарту жұмыстары аяқталған соң қала орталығымен көлік қатынасы едәуір жақсарады», - деп жазды Алматы әкімі.
«Жаңа Алматыны» дамытудың кешенді жоспары аясында Алатау, Түрксіб пен Наурызбай аудандарына қарасты сегіз ықшамаудандағы 415 көшеде 108 шақырым жол салынып жатыр. Сондай-ақ, биыл Медеу ауданындағы «Думан» ықшамауданның 59 көшесінде, яғни 30,5 шақырым жолдың күрделі жөндеу жұмысы аяқталады.
«Ұзындығы 206 шақырымнан асатын 212 көшеде орташа жөндеу жұмысы жүргізілуде. Соның 20-сы магистральды, ұзындығы 43 шақырым. Ол Рысқұлов, Сүйінбай, Сейфуллин, Райымбек даңғылы, сондай-ақ Сәтбаев, Кудерин, Жансүгіров, Яссауи, Шаляпин, Момышұлы, Жандосов, Құрманғазы көшесі. Жөндеу жұмысының жалпы көлемінің шамамен 20%-ын аяқтау қалды»,- деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
Жалпы, 237 шақырым жолда орташа және күрделі жөндеу жүргізіледі. 71 шақырым инженерлік желілер салынғаннан кейін қалпына келтіріледі. Ал 70 шақырым жол бірінші рет салынады.
«Жол қозғалысын басқару процестерін автоматтандыру жалғасуда. Бүгінгі күні ҚБАЖ (қозғалысты басқарудың автоматтандырылған жүйесі) модернизациясының бірінші кезеңі аяқталды, онда 93 бағдаршам объектісі жүйеге қосылған. Басқару орталық басқару орталығының үй-жайынан жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде. Екінші кезең, 357 бағдаршамды ҚАБЖ-ға қосуды көздейді, ол 2022 жылға жоспарланған»,- деп жазды әкім.