Фото: ашық дереккөз
Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Comfort Time» ЖШС және оған қарасты кәсіпорындардың басшылығына қатысты тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу деректеріне сәйкес, ұйымдастырушылар бірнеше жалған компания ашып, жұмыссыз немесе теріс несие тарихы бар азаматтардың атына жалған зейнетақы аударымдарын рәсімдеген. Соның негізінде банктер қарыз алушылардың табысы бар деген дерекке сеніп, несие мақұлдаған.
Қарыз алған азаматтар көп жағдайда міндеттемелерін орындамаған. Ұйымдастырушылар әр несие үшін берілген соманың 10%-ына дейін «сыйақы» алып отырған. Нәтижесінде 399 млн теңге көлемінде қайтарылмаған 140 несие рәсімделген.
Аталған фактілер Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен бірнеше облыста тіркелген.
ҚМА аталған схемалар халықтың қарыз жүктемесін одан әрі ауырлатып отырғанын атап өтті. Тергеу жалғасуда.
