17 қыр, 2025 сағат 15:08

Алматыда Яссауи көшесінде жол опырылды: әкімдік түсініктеме берді

Фото: Kolesa.kz

Алматы қаласы Әуезов ауданында Яссауи көшесінің Дастан көшесімен қиылысында жол жабыны опырылды. Оқиға 17 қыркүйек күні таңертең тіркелген. Осыған байланысты Алматы әкімдігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Ult.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, шамамен 100 шаршы метр аумақта асфальт жабыны бүлінген. Бұған дейін аталған аумақта «Спецкоммунстрой» мердігер компаниясы ұзындығы 2,8 шақырым болатын кәріз желілерін тарту жұмыстарын жүргізген еді.

Тексеру барысында нөсер жауыннан кейін абоненттік желілер траншеяларының шайылып, топырақтың жұмсарғаны анықталды. Соның салдарынан асфальт ойылып, жол төсемінің тұтастығы бұзылған.

Қазір апатты аумақта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстарының 18 қыркүйекке дейін аяқталатыны хабарланды.

Жобаның техникалық қадағалау қызметі құрылыс нормалары мен ережелері сақталғанын мәлімдеді. Дегенмен, қосымша тексеру жұмыстары басталып кетті. Алдын ала нұсқалардың бірі ретінде топырақтың жеткілікті нығыздалмауы қарастырылуда. Бұл жайттың нақты себебі Қалалық құрылыс бақылау басқармасының сараптамасынан кейін белгілі болады.

Айта кетейік, Алматыда нөсер жауын салдарынан жол опырылып, 13 көлікке зақым келген.