13 қаз, 2021 сағат 12:05

Алматыда вакцина алғандар саны миллионға жуықтады


Алматы қаласында бір тәулікте 4 436 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«12 қазан күні 4 436 алматылық вакцина салдырды. Коронавирусқа қарсы екпенің І компонентін – 1764, II компонентін 2 672 адам алды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 11 қазаны аралығында қалада 971 283 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 902 062 адам екінші компонентін салдырған. Олардың ішінде 119 523 адамның жасы 60-тан асқан»,- деп хабарлады басқармадан. 

Қалада 160 пункт жұмыс істеп тұр. 1 028 адамнан тұратын 237 егу бригадасы бар. 

«Қазір медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың сауда, ойын-сауық орталықтарында вакцинация пунктері жұмыс істейді», - деп нақтылады Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.