Алматыда ағайындылар үш адамды әдейі қағып кеткен болатын. Зардап шеккендердің бірі оқиғаның мән-жайын баяндады. Ол өздерін басқа біреулермен шатастырып алғанын айтады, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Оқиға салдарынан Сергей Ханның аяқ-қолы сынған. Қазір ауруханада жатыр. Ол оқиғаның қалай болғанын баяндап берді. Сергейдің айтуынша, мас ер адам алдымен онымен сөзге келген, кейін жұдырық ала жүгіріпті. Бұдан соң жігіттерді әдейі көлікпен басып өтпек болған.
"Көрші ғимаратта жігіттердің бір-бірімен айғайлап, жанжалдасқанын көрдім. Бірақ мән бермедік. Көп ұзамай, он шақты жігіт бізге келіп балағаттай бастады. Еш нәрсені түсінбедік. Біз төртеу болдық. Басқа біреумен шатастырып алған шығар деп ойладық. Кейін ініме жұдырық сілтеді. Осыдан төбелес басталып кетті. Содан кейін көліктеріне отырып, сес көрсеткілері келді", - дейді Сергей Хан.
Сергей олардың қолында қару болғанын көрген. Алайда жігіт жүргізушілердің түрін анық көре алмапты.
Күдіктінің анасы Сергей мен оның достарының өздері кінәлап, видео жариялаған болатын. Әйел баласы түнде туысының туған күніне барғанын айтқан. Ал мекемеден шыққан кезде оған 13 адам жабыла кетіпті.
Көлік жүргізушісі әлі іздестіріліп жатыр. Әдейі адам қаққан екі жігіт 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Естеріңізге салайық, 26 тамызда таңғы сағат 5-те Алматы қаласы Бостандық ауданы Гагарин көшесінде болған қақтығыстан кейін бір тараптың өкілдері өз қарсыластарын автомобильмен қағып, қылмыс орнынан бой тасалаған. Видео әлеуметтік желіде тарады.
Гагарин көшесінде адамдарды қасақана қаққан күдіктілердің бірі 26 тамыз күні кешке ұсталған болатын. Ол - Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны, 1995 жылы туған А. есімді азамат. Ол, ҚР Қылмыстық кодексінің 128-бабы тәртібінде уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ер адам қылмыс жасау кезінде ақ түсті Toyota Camry маркалы автокөлігін басқарған.
Адамды қасақана қағу ісі бойынша айыптұрағына қамалған автокөліктің мемлекеттік нөмірі бұған дейін де бір іске қатысы бар болғаны анықталды. Атап айтқанда, 2017 жылы дәл осындай мемлекеттік нөмірлі көлік мінген жүргізуші есірткіге елітіп көлік басқарғаны үшін ұсталған.
Күдіктілердің анасы Нәзира Әликеева ұлдары мұндай іс әрекетке өздерін қорғау үшін барды деді.
Полиция адамдарды қаққан көліктерді тауып тәркіледі. Екі көлікті айғақзаттар ретінде ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабының 2-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық іс материалдарына тіркеді.