16 қар, 2021 сағат 19:23

Алматыда ұры өзін тоқтатпақ болған полицейлердің біріне пышақ салды


Алматыда ұры өзін күшпен тоқтатпақ болған полицейлердің біріне пышақ салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлеуметтік желіде аялдамада ер адамды ұрып-соғып жатқан сәт түсірілген видео тарады. 

«Тимирязев аялдамасы. Бірнеше ер адам бір адамды соққыға жықты», - деп жазады желі қолданушы.

Өз кезегінде қалалық полиция оқиғаның мән-жайын түсіндірді.

«Видеоға әккі ұрыны ұстау кезі түсіп қалған. Ер адам Алматы аумағында үш ұрлық және бір тонау жасады деген күдікке ілінді. Ол - 1989 жылы туған Тараз қаласының тұрғыны. Бұған дейін ол ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотты болған», - деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінен.

Ведомствоның мәліметінше, ұстау кезінде күдікті полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, тәртіп сақшыларының бірін пышақпен жаралады.

Аталған дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Күдікті ұсталды.