09 қар, 2020 сағат 13:11

Алматыда туристік автобустарға арналған тұрақтар ұйымдастырылатын болды

Мегополистің туристік инфрақұрылымын дамыту бойынша жасалып жатқан кешенді жұмыстардың шеңберінде Алматы қаласының әкімдігі туристік автобустарға арналған тұрақтар ұйымдастыратын болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы әкімдігі атап өткендей, мұндай инфрақұрылымның қажеттілігі туралы мәселені қаламыздың туроператорлары көптен бері көтеріп келген. Тұрақтар шаһар тұрғындары мен қонақтары үшін ең тартымды орындарда салынады. Соның ішінде:

1. Республика алаңы (Сәтпаев көшесіндегі тұрақ). Бұл жерде еңселі еліміздің еркіндігінің нышаны болған «Тәуелсіздік монументі» орналасқан. Сондай-ақ, қаламыздың саяси орталықтары – Алматы қаласының әкімдігі, Президент резиденциялары осында.

2. Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі (Зенков көшесіндегі тұрақ). Бұл жерде туристер 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта серуендеп, Вознесенск кафедралды шіркеуі, Даңқ мемориалын көре алады.

3. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры (Абай даңғылындағы аялдама). Бұл жерде туристер «Жас Отау» неке сарайы және Қазақ мемлекеттік циркі ғимараттарымен таныса алады.

4. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы саябағы (Дулати көшесіндегі тұрақ). Дендросаябақта алғашқы ағаштардың бірін (емен) Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2001 жылы өзі отырғызған.

Қаламызды туристер үшін ең тартымды әрі қолайлы ету мақсатындағы жұмыстар жалғасатын болады.