02 жел, 2021 сағат 12:47

Алматыда тұрғындарды алдаған тағы бір риелтордың әрекеті әшкере болды


Алматыда тұрғындарды алдаған тағы бір риелтордың әрекеті әшкере болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу аудандық Полиция басқармасының мәліметі бойынша, А.есімді азаматша пәтерді нарықтағы бағадан төмен бағаға жалға беру туралы хабарландырулар салған.

– Клиенттермен кездесіп, жалға беру шартын жасаған. Сонымен қатар, ол жөндеу жұмыстарына байланысты жаңа қонақтарды орналастырмас бұрын оларға пәтерді көрсете алмайтынына сендірді. Клиенттерден жүз пайыз төлем алды. Ақшаны алғаннан кейін әйел байланысқа шығуын тоқтатқан. Күдікті қамауға алынды. Біздің бөлімшеде алаяқтық фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тергелуде. Істі қарау барысында оның кем дегенде осыған ұқсас тоғыз эпизодқа қатысы болуы мүмкін екені анықталды. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 500 мың теңгеден асты, – дейді Жетісу аудандық ПБ бастығының орынбасары Асхат Дәулетияров.

Тергеу кезеңінде ұсталған адамға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.