13 қаң, 2021 сағат 07:13

Алматыда түнімен қалың қар жауып, жол қозғалысын қиындатты

Алматыда түнімен қар жауды. Тазалау жұмыстарына арнайы техникалар жұмылдырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Түнде көктайғаққа қарсы тиісті шаралар қабылданып, жолға 2650 тонна материалдар себілді. Оған 630 арнайы техника жұмылдырылды, оның ішінде 234 құмсепкіш техникасы бар. 1907 жұмысшы қар тазалады»,- делінген қалалық коммуналдық қызметтің хабарламасында.

Қазіргі уақытта тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, автотұрақ «қалталарын», жер үсті өткелдерін, саябақтар мен скверлерді қардан тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Сағат 9. 00-ден бастап жол полициясы патрульдік машиналарының еріп жүруімен қар тазалайтын колонналар ұйымдастырылды.

Казгидрометтің болжауы бойынша бүгін ауа температурасы күндіз минус 2 градусқа дейін болады, қар кешке қарай тоқтайды.