
Алматыда троллейбус желілерін жөндеген мердігер компания бірқатар бұзушылыққа жол берген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматы әкімінің қала көшелеріне жөндейтін мердігерлерге қойылатын талапты күшейту және жол сапасын арттыру туралы тапсырмасы аясында Қала құрылысын бақылау басқармасы троллейбус желісін жөндеу кезінде жіберілген кемшіліктерді анықтады.
«Тексеру нәтижесі бойынша «EC ENERGY Qazaqstan» ЖШС жұмыс барысында заң талаптарын бұзғаны белгілі болды. Атап айтқанда, жобадан ауытқу, траншеяны толтыру технологиясын дұрыс қолданбау, жөндеу жұмысы кезінде қоршаудың болмауы және қауіпсіздік шарасының сақталмауы», - деп хабарлады басқармадан.
Мұның бәрі көшелердегі көліктердің жүруіне кедергі келтіріп, азаматтардың наразылығын тудырды.
«Алматы қаласының Қала құрылысын бақылау департаменті мердігерге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 312-бабы 1, 309-бөлігі бойынша шара қолданды»,– деп атап өтті басқармадағылар.
Басқарма мердігер қайтадан заң бұзса, лицензиядан айырыратынын ескертті. Жаңартылған желінің жалпы ұзындығы 128 шақырым.


