17 қыр, 2020 сағат 13:46

Алматыда телемедицина орталығы ашылды

Алматыда коронавирустың жаңа толқынына дайындық аясында телемедицина орталығы құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-брифинг барысында Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров коронавирустың екінші толқынына дайындық аясында жасалып жатқан шаралар туралы айтты. Енді алматылықтар медициналық кеңесті телемедицина көмегімен ала алады. 

Ол үшін Алматыда телемедицина орталығы құрылды. К.Надыровтың айтуынша, аталған орталықтың міндеті - COVID-19 вирусы болуы ықтимал және расталған жағдайлары бар науқастарға кеңес беру және мониторинг жүргізу. 

«Бұл COVID-19 вирусын емдеу бойынша бірегей қызмет болып отыр. Ол үшін медициналық ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын бағдарлама әзірленуде. Телемедицина орталығының дәрігері бейнекеңес жүргізеді, науқастың жағдайын бағалайды, ем тағайындап, науқастың электрондық картасына өзгерістер енгізіп отырады. Бұл сонымен қатар барлық COVID-19 жағдайларының бірыңғай электрондық базасы болады»,- деп түсіндірді К.Надыров. 

Сондай-ақ, осы орталықтың маңызды функцияларының бірі – науқастардың карантин режимін сақтауын бақылау. Орталық қызметкерлері амбулаториялық деңгейде ем алып жатқан науқастарға бейнеқоңырау шалып тұрады. 

«Үй режимінің бұзылуы анықталған жағдайда тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық департаментіне тиісті сигнал беріледі, одан әрі қалалық бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сай тәртіп бұзушыға айыппұл жазылады. Тәртіпті өрескел бұзушылар қала емханаларының біріне мәжбүрлі түрде жатқызылады. Бұл - өте маңызды жайт, өйткені біздің міндетіміз - қалада инфекцияның таралу қаупін барынша төмендету», - дейді басқарма басшысы.