14 жел, 2020 сағат 21:50

Алматыда таудан табылған ер адам қайтыс болды

Алматыда таудан табылған 35 жастағы ер адам қайтыс болды. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматының таулы аумағында жоғалып кеткен ер адам 2 тәуліктен кейін табылғанын жазған болатынбыз. 

Құтқарушылар зардап шеккен адамды жаяу қауіпсіз жолмен Құмбелсу өзені арқылы өтетін көпірге тасымалдаған еді. Ол уақытта ер адамның жағдайы ауыр болған еді. 

«Құтқарушылар зардап шеккен адамды тапқан сәттен бастап, жедел медициналық жәрдемге табыс еткенге дейінгі тасымалдау уақыты шамамен бес сағатты алды. 

Сағат 20.45-те ол жедел медициналық көмек бригадасы мен Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлеріне жеткізілген еді. Екінші іздеу-құтқару тобында болған Апаттар медицинасы орталығының дәрігері ер адамның қайтыс болғанын анықтады», - деді Талғат Уәли.