09 там, 2021 сағат 17:42

Алматыда тау баурайындағы құрғақ шөптен тұтанған өрт тікұшақтың күшімен сөндірілді


Алматы өрт сөндірушілері Қимасар шатқалы баурайында өртенген құрғақ шөпті тікұшақтың көмегімен сөндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 9 тамызда таңғы сағат 5:49-да Медеу ауданындағы Қимасар шатқалы баурайында құрғақ шөп жанғаны туралы хабарлама келіп түскен. 

«Оқиға болған жерге ТЖД табиғи өртті сөндіру бойынша бірлескен арнайы құрамы - 36 адам, 9 техника, сондай-ақ Іле Алатауы МҰТП қызметкерлері дереу жіберілді. 500 шаршы метрлік алаңда құрғақ шөп пен дауыл құлатқан ағаштар өртке оранып жатқан. Беткейдің тік болуы өрт сөндіру техникасын алып өтуге кедергі келтірген. Өрт сөндірушілер жаяу көтерілген. 

Өртті сөндіру үшін Ермак аспалы өрт сөндіргіші, шанцты құралдар (шартылдақтар, күректер) қолданылды. Өрт тұтанған аймақтағы жер жыртылып, нәтижесінде өрт 07:39-да ауыздықталды. Құрғақ шөпті сөндіруге ҚР ТЖМ Ми-171 тікұшағы жұмылдырылып, 13:41-де толықтай сөндірілді», - деп хабарлады ТЖД-дан. 

Өрт сөндірушілер түске дейін Медеу ауданындағы Ақмешіт көшесінің бойындағы 7 мың шаршы метр, Алатау ауданы Индустриялы аймағындағы 1,5 гектар, Наурызбай ауданы Көктерек көшесінің бойындағы 1000 шаршы метр аумақты қамтитын құрғақ шөпті де қатар сөндірген. 

Алматы қалалық ТЖД таулы-орманды жерлерде өрт қаупінің жоғары болуына байланысты қала тұрғындары мен қонақтарынан ашық отты пайдаланудан, от жағудан, темекі шегуден және құрғақ шөп пен орылған шөпті жағудан бас тартуды сұрайды.

Еске салайық, ҚР Әкімшілік кодексі 367-бабының 3-бөлігіне сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған жеке тұлғаларға 100 АЕК - 291 мың 700 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.