10 қаң, 2022 сағат 13:33

Алматыда тәртіпсіздіктер кезінде 32 жедел-жәрдем көлігі бүлінді

Фото: Tengrinews.kz

Алматыда жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 32 жедел жәрдем көлігі бүлінген, 4 көлік жарамсыз болып қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала тіршілігін қамтамасыз ету штабының мәліметінше, Жедел жәрдем қызметі тәртіпсіздіктерге байланысты шақыртулардан бөлек, барлық шұғыл өтініштерге уақытылы қызмет көрсетті.

«ЖМЖС қызметкерлеріне 12 шабуыл жасалды, ЖМЖС 5 қызметкері (2 жүргізуші және 3 фельдшер) жарақат алды. Жаппай тәртіпсіздік кезінде 32 жедел жәрдем автокөлігі (фаралар сынған, шанағы, әйнегі зақымданған және т.б.), жарамсыз күйдегі 4 автокөлік, мәйітті тасымалдау және митингке жеткізу мақсатында 3 көлік тәркіленіп, кейін көліктер қайта қайтарылды», - деп хабарлады қалалық штабтан.

Еске салайық, Алматыда жағдайдың ушығуына байланысты 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай режимі енгізілген болатын.

Қалада тәртіп орнату үшін лаңкестікке қарсы арнайы операция жүріп жатыр.