01 сәу, 2022 сағат 13:22

Алматыда такси жүргізушісіне шабуыл жасаған қарақшылар ұсталды


Алматыда такси жүргізушісіне шабуыл жасаған қарақшылар ұсталды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Оқиға екі апта бұрын Түрксіб ауданында болған.

– Үш ер адам бизнес-кластағы таксиге тапсырыс беріп, жүргізушіден оларды әуежайға жеткізіп тастауын сұраған. Алайда жолда жолаушылар такси жүргізушісіне шабуыл жасап, оған көптеген пышақ жарақатын салған. Шабуылдың нәтижесінде қаскөйлер Toyota Camry көлігін иемденген. Аталған қылмысты ашу мақсатында жедел-іздестіру тобы құрылып, оның құрамына криминалдық полиция және Түрксіб аудандық ПБ-ның қызметкерлері кірді. Күдіктілер дереу анықталды. Олар жасырынуға тырысқан. Алайда бекер – қазір күдіктілер ұсталды және қамауға алынды. Қылмыскерлер басқа біреудің көлігін кәдеге жарата алмады. Шетелдік көлік иесіне қайтарылды, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.


Қазір ұсталғандардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Олар – 1993, 1998 және 2000 жылы туған Алматы облысы Талғар ауданының тұрғындары.

– Маған шабуыл жасаған адамдардың ұсталғаны туралы хабарлағанда, шынымды айтсам, мен қатты қуандым. Полиция қызметкерлеріне кәсіби қызметі үшін алғыс айтамын, — деді қарақшылардың қолынан жапа шеккен алматылық.