15 қаң, 2017 сағат 01:00

Алматыда тағы бір үй қисая бастады

Алматының атышулы Алғабас ықшамауданында тағы бір үй қисая бастапты. Осылай деп бүгін шу көтерген бір топ тұрғын, құрылыс компаниясына алданғанына қапалы. Былтыр ғана берілген 6 қабатты үйдің қазір қабырлары да жарылып, төбеден су сорғалаған тұр. Жұрт тіпті, үйдің тыйым салынған жерге тұрғызылғанын да енді естіпті. Соның кесірінен, мұнда газды да тартқыза алмай отыр екен, деп хабарлайды КТК арнасы.

Бұл тек төменгі қабаттағы пәтерлердің жағдайы. Су аққан төбе құлау алдында тұрса, қабырғалар ылғалдан көгеріп кеткен. Кей жерлері қақырай бастапты. Бірақ, мұның өзі түк емес дейді тұрғындар. Себебі, жуырда жұрт онсыз да кем-кетігі бастан асатын үйдің бір жаққа қисайғанын байқаған.

Үйдің еңкейгені жертөледен анық байқалатын дейді тұрғындар. Бірақ, тілшілер келеді дегенді естіген құрылысшылар күні кеше оны тегістеп кетіпті.

Ал, жұрт пәтерді жылдап жүріп жинаған қаржысына сатып алған. Көбінің мұнда көшіп келгеніне 1 жыл да болмапты. Десе де, аз уақыттың ішінде көрмегендері жоқ.

«Қар жауғанда мына көлік тұрағының шатыры опырылып түсті. Ал, соның астында балалар қалса не болатын еді?! Мұнда ойын алаңы да жоқ. Балаларымыз осы үйдің айналасында жүреді», - дейді Алматы тұрғыны Самал Исина.

Үйдің құжаттарында да шикілік көп. 3 жыл бұрын пайдалануға берілсе де, әлі мемлекеттік акті жоқ. Ал, қаланың орталығында көгілдір отынсыз өмір сүріп жатқан жұрт мұның да себебін енді біліп отыр. Себебі, нысан тыйым салынған аумаққа салынған.

«Қызыл сызықта» тұрмау керек негізінде. Әкімдік қайда қарап отыр?», - деп ашынды тағы бір тұрғын Жанбота Сәдет.

Тұрғындар мұңын айтып әкімдікке талай барған. Бірақ, ондағылар бұл үйден ешқандай қауіп көрмепті. Үйді салған кұрылыс компаниясының да жауабы осыған саяды.

«Біздің соққан үй қисайған жоқ. Сараптаманың қортындысы жоқ. Үйге 3 жылдай болды. 3 жылдың ішінде отыруы керек», - деп түсіндірді «Строй Модуль Сервис» компаниясының заңгері Рүстем Бөлтіріков.

Ал, тұрғындар үйдің қауіпсіз екеніне шенеуніктер кепілдік берсе дейді. Себебі, олар күндердің күнінде Шахандағы жұрттың күйін кешеміз бе деп қорқып отыр.