20 нау, 2024 сағат 16:21

Алматыда сотталған балалар Наурыз мейрамын тойлады

Фото: polisia.kz


Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №11 мекемесінде кәмелетке толмаған сотталғандар Наурыз мейрамын тойлады, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Polisia.kz-ке сілтеме жасап.


Наурызнама онкүндігі бастамасына орай мекеме аумағында мерекелік ұйымдастыру жұмыстары жүзеге асуда. Мекеме ішіндегі мектеп ұстаздары оқушыларға Көрісу күні, Қайырымдылық күні және Ұлттық киімдер күні сияқты атаулы күндерді насихаттап, салт-дәстүрімізді ерекше дәріптеді.  


Мекеме қызметкерлері және тәрбиеші мамандардың жетекшілігімен жазалы балалар Жаңару күнінде ағаштардың түбін қопсытып, айналаны тазалап, Ұлттық спорт күнінде спорттық іс-шараларға қатысты. 


Бүгінгі наурыз салтанатында Жамбыл атындағы жасөпірімдер кітапханасының қызметкерлері мен арнайы қонақ болып келген өнерпаздар жазалы жасөспірімдерге ерекше көңіл күй сыйлады. 


Салтанатты мерекенің өз деңгейінде өтуіне атсалысқан Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлеріне және келген қонақтарға тәрбие бөлімінің бастығы Алма Бәзілбаева зор алғысын білдіріп, мекеме бастығының атынан алғыс айтты. 


Іс-шараның соңында жазасын өтеуші жасөспірімдер түскі асқа арнайы дайындалған наурыз көжеден дәм татты.