
Алматы бойынша 5 саяси партияның филиалы Алматы қаласы мәслихаты депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін ұсынды. Бұл туралы Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Спикердің айтуынша, «Nur Otan» партиясы» - 15 қарашада 78 адамға, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» - 25 қарашада 6 адамға, «Ақ жол» ҚДП - 30 қарашада 15 адамға, «Қазақстанның Халық партиясы» - 3 желтоқсанда 15 адамға, «Adal» саяси партиясы» 4 желтоқсанда 2020 жылы 5 адамға тізім берген.
Алматы қалалық мәслихатындағы 39 депутаттық мандатқа барлығы 119 адам ұсынылды.
«Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Конституциялық Заңның 102-бабына сәйкес, мәслихат депутаттығына үміткерлердің белгіленген талаптарға сәйкестігі анықталды. Ол туралы Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының тиісті қаулылары қабылданды.
«Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 105-бабы 1-тармағына сәйкес Жақыпбеков Асан Амангелдіұлының 2020 жылғы 8 желтоқсандағы өтініші негізінде Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясы оны «Қазақстанның Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының партиялық тізімінен шығару туралы қаулы қабылдады.
«Осылайша, үміткерлердің жалпы саны 118 болды. Қажетті құжаттарды тапсырғаннан кейін, сондай-ақ сайлау жарнасын енгізгеннен кейін барлық партиялық тізімдер тіркелді. Партиялар 29 жасқа толмаған жастар мен әйелдердің квотасы бойынша талаптарды орындағанын атап өту қажет», - деді Жанна Асанова.
Оның айтуынша, «Nur Otan» партиясы бойынша 78 адамның 29-ы квота бойынша өтеді (37,2%). Әйелдер - 27 адам, ерлер - 51 адам. Ұсынылған ең кіші үміткердің жасы - 20 жас, ең үлкені - 64 жас.
«Ауыл» ХДПП квота бойынша 6 адамнан 2 адам немесе 33,3 % өтеді, екеуі де - әйел. Ерлер тиісінше 4 адам. Ең кішісі - 28 жаста, ең үлкені - 52 жаста.
«Adal» саяси партиясынан квота бойынша 3 адам немесе 60% өтеді. 2 ер, 2 әйел адам. Ең кішісі – 24 жаста, ең үлкені - 45 жаста.
«Ақ жол» ҚДП квота бойынша 6 немесе 40% өтеді. Ең кішісі - 22 жаста, ең үлкені - 70 жаста.
ҚХП квота бойынша 6 адам немесе 42,9% өтеді. Ең кішісі - 20 жаста, ең үлкені - 64 жаста.
118 адамның 46-сы қажетті квотаға кіреді, бұл барлық үміткерлердің 39%-ы болып отыр.
Қазіргі уақытта мемлекеттік кіріс органдары кандидаттар жариялаған кірістер мен мүлік туралы мәліметтердің дұрыстығын тексеріп жатыр.
