28 там, 2021 сағат 15:09

Алматыда сабақ оқытудың бірнеше нұсқасы әзірленді


Алматыда сабақ оқытудың үш нұсқасы әзірленді. Бұл туралы брифинг барысында қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Білім басқарма басшысының айтуынша, Алматыда жаңа оқу жылы қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, қалыпты форматта басталады. Бұл ретте 287 мектеп 300 мыңға жуық оқушыны қабылдайды, оның 30 мыңы бірінші сынып оқушысы. 68 мыңнан астам студент 82 колледжде оқуды бастайды. 

Мектепке дейінгі ұйымдар қалыпты жұмысына оралды, қазіргі уақытта 860 балабақша мен шағын орталықта 69 мыңнан астам бала бар.

Ләззат Жылқыбаева барлық білім беру ұйымдары Ashyq жобасына қосылғанын және қажетті мөлшерде жуғыш, дезинфекция және антисептик құралдармен қамтамасыз етілгенін жеткізді.

«1 қыркүйектен бастап білім беру мекемелерінде санитарлық талаптардың сақталуына тұрақты бақылау жүргізіледі, оның ішінде температураны өлшеу, визуалды тексеру, желдету режимдері, кварц, ылғалды тазалау және басқа да шаралар. Рұқсат етілмеген адамдардың кіруіне тыйым салынады және бұқаралық іс-шаралар болмайды», - деді басқарма басшысы.

Спикер қаладағы қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, оқу процесі қалай ұйымдастырылатыны туралы айтты.

«Алматы «қою қызыл» аймақта тұр. Осыған байланысты, білім беруді ұйымдастыруда оқушылардың өздігінен келуін болдырмау және балалар арасында инфекцияның таралу қаупін азайту мақсатында оқу процесі бір мезгілде үш бағытта жүретін болады. Біріншіден, оқушыларға ата-аналарының өтініші негізінде онлайн оқыту ұйымдастырылады. Осылайша, ата-аналарға баласын мектепке беруді немесе оқуды қашықтан жалғастыруды таңдау құқығы беріледі», - деді Л. Жылқыбаева.

Екіншіден, аралас оқыту көзделген. Осы орайда негізгі оқу пәндері мектепте, қалғандары - онлайн форматта (музыка, көркем еңбек, информатика, құқық негіздері, графика және жобалау, кәсіпкерлік және бизнес негіздері) оқытылады.

Үшіншіден, офлайн оқыту негізінен 1-5 сыныптарды, бітіруші 9-11 сынып оқушысын қамтиды және сыныптарда оқушы саны 25 адамнан аспайды. Осылайша, білім басқармасы дәстүрлі білім беру форматына кезең-кезеңмен көшуді қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Спикер бүгінде мұғалімдер мен ата-аналар арасында қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Барлық сұрақтар бойынша оқушылардың ата-аналары мектеп әкімшілігіне немесе тікелей білім басқармасына хабарласа алады.