14 қыр, 2020 сағат 13:15

Алматыда праймериз қатысушыларының ашық пікірталасы басталды

Алматыда партияішілік праймериз қатысушыларының ашық пікірталасы басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін партияның 8 аудандық филиалында жария пікірталас өткізіледі. Лото қағидаты бойынша жаңа форматта өткізілген жеребеге сәйкес дебатқа қатысушылар топтарға бөлінді. 

«Алматыда пікірсайысты өткізудің белгіленген ережелерінен басқа, ұйымдастырушылар әлеуметтік желілер арқылы қала тұрғындарынан өзекті сұрақтар қою мүмкіндігін қарастырғанын атап өткен жөн. Ол үшін қала тұрғындары Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалының ресми аккаунттарында немесе аудандық филиалдарда өз сұрақтарын жазуы қажет. Осылайша, мұндай тәсіл халыққа кандидаттардан азаматтық қоғамның өзекті мәселелерін іске асыру бойынша олардың пікірлерін тыңдауға мүмкіндік береді», - деп хабарлады Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалының баспасөз қызметі. 

Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуровтың айтуынша, праймериз ашықтық қағидаты бойынша өтуде. Тек мықтылар мен лайықты адамдар ғана партиялық тізімге енеді. 

Айта кетейік, Алматы шағын және орта бизнес субъектілері мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің саны бойынша көш бастап тұр. 

Шағын және орта бизнес секторы праймеризге қатысушылардың 50%-ын және 10%-дан астамын ҮЕҰ құрайды. 

Алматы қаласы бойынша пікірсайысқа барлығы 225 кандидат қатысады.