24 сәу, 2021 сағат 18:56

Алматыда полициямен атысқан ер адам 17-ші қабаттан секіріп кетті


Алматыдағы «Бұқар жырау» тұрғын үй кешені күзетшісін мылтықпен атып жарақаттаған күдікті терезеден секіріп кетті. Мұндай ақпарат әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Instagram әлеуметтік желісінде тараған суретте күзетшіге оқ атқан күдіктінің терезеден секіріп кеткен сәті бейнеленген.

"Менің ойымша, секірген сол. Түтін соның терезесінен шығып жатыр. Сол қабат, балкон, өртке арналған саты тұрған жер жанып жатыр", - дейді тұрғындар.

Бұған дейін қарулы ер адамның терезені сындырып, пәтер ішінде шам ұстап отырғаны хабарланды.

"Пәтер ішінен алдымен тарсыл, содан кейін атыс естілді де, одан соң ол "Аллаһу әкбар" деп айқайлап, 17-қабаттан секіріп кетті", - дейді Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айта кетейік, күндіз тұрғын үй маңында күзетшінің аяғына оқ атқан қарулы адам кешке дейін пәтер ішінде жасырынды. Сағат кешкі жеті шамасында полиция қарулы адамды ұстау бойынша арнайы операцияны бастады.

Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қарулы адам құқық қорғаушылармен келіссөзге келмей, оларға қарсы оқ атты.

Ер адамның шамамен 50-60 жаста екені хабарланды. Ол бұған дейін көршілеріне дөрекі мінез көрсеткен. 

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы жарақат алған күзетшінің қаладағы медицина мекемелерінің біріне жеткізілгенін, жағдайы қалыпты екенін мәлімдеді. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.