23 шіл, 2020 сағат 10:34

Алматыда пневмониямен ауруханаға түскен науқас саны 2 есе азайды

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматы арнасындағы Akimat Live бағдарламасында пневмониямен емханаға түсіп жатқан аурулардың саны 2 есе азайғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әкімнің сөзіне сенсек, пациенттер саны маусымда өте көп болған.

«Осы уақыт аралығында 6 175 пациент пневмониядан емделді. Егер аурудың өршу кезеңінде күніне - 300 пациент ауруханаға түскен болса, бүгінде тәулігіне - 133 адам түсіп жатыр», - деді Бақытжан Сағынтаев. 

Шаһар басшысы дәрігерлермен тікелей байланыста отырғанын айтты. 

«Мен негізгі ауруханалардың бас дәрігерлерімен үнемі сөйлесіп, олардан ауруханаға түскен адам санын сұрап отырамын. Мәселен, өткенде № 7 ауруханаға күніне 100 сырқат пневмониямен түсіп отырған. Соңғы уақытта тәулігіне 15-20 адамнан түсіп жатыр. № 4 аурухана, Шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасына, №1 ауруханаға жатқызылған пациенттер саны да азайып келеді. Байқағанымыздай, пневмониямен түскен науқастар саны екі есе азайған», -деді әкім.