Алматыда қалалық әкімдік пен Тілдерді дамыту басқармасының ұйытқы болуымен өзге ұлт өкілдері арасында қалааралық Абай оқулары өтті.
Қаладағы Қазақ қатынас жолдары университетінің мәжіліс залында өткен биылғы байқауда 18-25 жас аралығындағы жиырма бір ұлттың өкілі бақ сынады.
Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылған биылғы байқау үш кезең бойынша өтті. «Өлең сөздің патшасы» деп аталған алғашқы кезеңде қатысушылар Абайдың білім, ғылым және өнер тақырыптарына өрілген поэзиялық шығармаларын немесе қара сөздерін нақышына келтіріп жатқа оқу арқылы сынға түсті. Ал, «Қазақта қара өлеңге дес бермедім» деген атпен өткен екінші кезеңде Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» романынан үзінді оқыды. «Құлақтан кіріп бойды алар» кезеңінде қатысушылар Абай әндерін әуелете орындап, көпшіліктің ризашылығына бөленді.
Ұйымдастырушылар үміткерлердің өнерін бағалау кезінде олардың көркем мәтінді таңдау талғамына, өлең оқу шеберлігіне, қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын сақтап сөйлеуіне, ән орындау нақышына, сахналық өнер көрсету мәдениетіне және қазақтың ұлттық киім үлгісіне баса назар аударылғанын айтты. Халықаралық Абай қорының директоры Жұмабек Ашуұлы, М.Әуезов атындағы өнер институтының «Абай және жаңа дәуір әдебиеті» бөлімінің меңгерушісі Қорабай Серікқазы, «Алматы ақшамы» газеті редакторының орынбасары Әуелбек Әнуарбек байқауға қазылық етті.
Байқау қорытындысына сәйкес ҚазМҚПУ, филология факультетінің 2 курс студенті Турсуной Улугқызы жүзден жүйрік деп танылып бірінші орынды еншіледі. Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжінің шәкірті Любомила Моисеенко екінші орын иегері атанса, жүлделі үшінші орын ҚазМҚПУ студенті Тахмина Юсупжановаға бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдар, сондай-ақ бағалы сыйлықтармен марапатталды.
– Байқаудың басты мақсаты қазақ тілінің қолданылуын дамыту арқылы мемлекеттік тіл саясатын насихаттау. Абай шығармашылығын насихаттау мен қоғамдық келісім мен қазақстандық рухани бірлікті нығайту және отансүйгіштік сезімге тәрбиелеу, көпшіліктің қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнеріне, әдебиеті мен тіліне деген ықыласын арттыру, жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту. Байқауға қатысқан өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген құрметі мен Абай шығармашылығына деген сүйіспеншіліктері көңіл қуантады, – дейді Тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақыт Қалымбет.
Арман ОКТЯБРЬ