Алматыда оқушының телефонын ұрлап алған ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті көбіне әйелдер мен мектеп оқушыларының қалтасын қаққан.
«Қоғамдық көліктегі ұрлықтың алдын алу бойынша іс-шара барысында біздің бөлімше қызметкерлері қалалық криминалдық полициядағы әріптестерінің көмегімен қоғамдық көлік бағыттарының бірінде 33 жастағы Д. есімді азаматты ұстады. Күдікті баланың қалтасынан смартфонды ұрлап кеткен. Мобильді құрылғы тәркіленіп, оқушының ата-анасына қайтарылды» , – деді Медеу аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің бастығы Еділхан Байғараев.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.
Полиция өкілінің айтуынша, Алматы облысы тумасының осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабына сәйкес қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.