09 қар, 2020 сағат 11:00

Алматыда науқастардың 44%-ы коронавирусты кәсіпорындарда жұқтырған

Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қалада вирус жұқтырғандар саны күрт өскенін мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Алматыда вирус жұқтырғандардың 33%-ы 65 жастан асқан адамдар құрап отыр, сондықтан егде жастағылар арасында өлім жоғары. Бұл індетке қарсы дәрі мен вакцина әлі жоқ. Кейбір деректер бойынша вирус мутацияға ұшыраған. Сондықтан қарт кісілерді үйде отыруға шақырамыз», – дейді Ержан Бабақұмаров.

Оның айтуынша, науқастардың 44 пайызы індетті кәсіпорындар мен мекемеде жұқтырған.

«Бұл жағдайда маска режимін сақтап, жеке бастың гигиенасына назар аудару қажет. Оған қоса мекеме басшылары да санитарлық-эпидемиалогиялық талаптарды ұстанып, вирус жұқтырған қызметкерлерін жұмысқа жібермеулері керек», – дейді ол.

Алматы әкімі орынбасарының айтуынша, науқастардың 18% -ы вирусты үйдің кіреберісінде жұқтырған. 

«Сол себепті пәтер иелері кооперативтері әр үйдің кіреберісіне дезинфекция жасауы қажет. Бұл жұмыстар вирус жұқтырмас үшін керек. Қазіргі таңда вирус жұқтырғандардың 18 пайызы үйдің кіреберісі мен лифтіде жұқтырғаны анықталды. Есік тұтқалары мен қоршауларды күніне бірнеше рет өңдеп отыру керек. Санитарлық-гигиеналық режимді ұстанған жөн», – деп атап өтті Бабақұмаров.