Алматыдағы №5 қалалық емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Лаура Малдыбаева науқастарды онлайн режимде қабылдау және кеңес беру жалғасатынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оның айтуынша, қаладағы емханаларда онлайн-кеңес беру маусым айынан бастап іске қосылған. Екі жарым айдың ішінде №5 емханада 3 мыңнан астам онлайн-кеңес берілді. Хабарласқан науқастар әсіресе дене қызуының көтерілуіне, басының, кеуде тұсының ауыруына, диареяға шағымданған.
«Халықтың қауіпсіздігі үшін емханаларға келу шектелді. Жергілікті дәрігерлер өз науқастарымен интернет арқылы байланыс орнатты. Тіпті, науқастарға тегін дәрі-дәрмекті үйлеріне дейін жеткізіп беруде», – деді Лаура Малдыбаева онлайн-брифинг барысында.
Сонымен қатар, ол қазір карантин шаралары жеңілдетіліп жатқанымен, сақтық шараларын әлі де қатаң ұстану керектігін тілге тиек етті.
«Маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет. Одан бөлек, 65 жастан асқан адамдарға көшеге шығуға және емханаға баруға әлі де шектеу бар. Олар емханадан онлайн кеңес ала алады», – дейді Лаура Малдыбаева.