Алматыда биылғы жартыжылдықта сапасыз медициналық қызмет көрсеткен денсаулық ұйымдарына 200 млн теңгеге айыппұл салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Ақтаевамен мегаполис халқын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесімен қамтудың маңызды мәселелері бойынша өңірлік штабтың онлайн отырысын өткізді.
Отырысқа ӘМСҚ Алматы филиалының басшылығы, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау, әлеуметтік әл-ауқат, кәсіпкерлік және инвестициялар басқармалары, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, сонымен бірге мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелердің бас дәрігерлері қатысты.
Ержан Бабақұмаров жұмыс берушілер мен ірі, орта және шағын бизнес субъектілерінің, сонымен бірге жоғары және орта білім беру орындарының, халықтың жеңілдік жасалатын санатының мәліметтерін оңтайландыру қажеттігіне назар аударды.
Алматы қаласы бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Т.Әбілдаев ағымдағы жылы бюджет 1,6 есе өскенін және 197,6 млрд теңгені құрағанын айтты. Оның ішінде COVID-19 күрес аясында, эпидемияға қарсы шараларға 12,5 млрд теңге бөлінді. Наурыздан шілдеге дейінгі аралықта 27 265 медицина қызметкеріне жалпы сомасы 8,9 млрд теңгеге үстемеақы төленді.
Бүгінде Алматы қаласында 154 медициналық ұйым МӘМС жүйесі аясында қызмет көрсетуде, оның ішінде 62 пайызы мемлекеттік меншік формасында болса, 38 пайызы жекеменшік иелікте. Көрсетілетін медициналық қызмет сапасына тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. 2020 жылдың бірінші жарты жылында көрсетілген қызметтердің сапасы мен көлемі бойынша 4 мыңнан астам бұзушылық анықталған, медициналық ұйымдарға салынған айыппұлдар 200 млн теңгеден асты.
Отырыс барысында медициналық ұйымдардың бас дәрігерлерінің МӘМС аясында халыққа медициналық көмек көрсету туралы баяндамалары тыңдалды.
Өңірлік штабтың төрағасы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров халықты МӘМС аясында халықты қамтудың кеңейту қала тұрғындарының сапалы медициналық қызмет алу құқығымен қамтамасыз етуге қажет екенін атап өтті және басқармалар мен медициналық ұйымдардың басшыларына аталған сұрақты ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі халыққа медициналық қызмет түрлерінің кеңейтілген пакетін, соның ішінде қымбат тұратын процедуралар мен операцияларды кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемімен шектелмей көрсетуге мүмкіндік береді.