16 жел, 2021 сағат 12:12

Алматыда «Медеу» визит-орталығы ашылды


Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрақты экотуризмді дамыту шаралары аясында құрылған жаңа туристік нысанмен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жеке инвестор жүзеге асырған жоба – қоғамдық тамақтандыру пункті, туристік құрал-жабдықтар дүкені бар туристік ақпараттық орталық. 

Визит-орталықта «Іле-Алатау» ұлттық паркі туралы барлық қажетті ақпаратты алуға болады, ол үшін Visit Almaty инфостойкасы орнатылған, консультанттар жұмыс істейді. Мұнда туристік бағыттар, соқпақтар туралы деректер, ұлттық парк аумағындағы объектілердің байланыстары және қауіпсіз және жайлы туризм үшін қажетті жабдықтар ұсынылады. 

«Біз Тәуелсіздік күні сияқты тамаша мерекеде визит-орталықты ашуға қуаныштымыз. Бөгетке барар жолда біз демалушылар үшін 15 орындық орнаттық. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер аймағын абаттандыратын боламыз», - деді «Тау Жол Шымбұлақ» ЖШС басшысы Сергей Спицын.

«Медеу» БСК визит-орталығы жалпы алаңы 208 шаршы метр аумақта орналасқан, инвестиция көлемі – 100 млн теңге, 50 жұмыс орны құрылады. 

Тауларда қауіпсіз және жайлы болуды қамтамасыз ету мақсатында Тұйық-су шатқалында тікұшақ алаңының құрылысы жүргізілуде. Бұдан басқа, спутник байланысы және SOS дабыл түймелері бар таулы маршруттардың шалғай тораптық учаскелерінде 15 құтқару үйшігі орнатылды.

2 арнайы бақылау-құтқару пункті дайындалды. Олар таулы жерлерде орналасқан. Онда16 адамнан тұратын құтқарушы тәулік бойы кезекшілік жасайды. Қимасар шатқалында дабыл түймелерін бақылау жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылды. 

Бүгінде таулы жерлерде 1000 шақырымнан астам жаяу жүру маршруттары цифрландырылды, олардың 500 шақырымы абаттандырылды. Барлығы 2GIS және ViewRanger платформаларында қолжетімді. Бұл маршруттарда QR-кодтары бар стендтерді қоса алғанда, барлық қажетті ақпараттық деректер орнатылған, онда туристер маршруттың күрделілігімен, оның ұзақтығымен және өту уақытымен таныса алады.

Бұдан басқа, Үлкен және Кіші Алматы шатқалдарында ағымдағы жылдың соңына дейін жалпы ұзындығы 179 шақырым болатын тау маршруттарын абаттандыруды аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ Горельник, Просвещенец, Қызылсай, Казачка және «Лунная» алаңқайында 6 кемпинг-аймақ құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.