Алматыда майнинг фермасын заңсыз орнатқан мемлекеттік кәсіпорынның директорына қатысты қылмыстық іс тергелуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің мәліметінше, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық ізденістер мемлекеттік институты» ШЖҚ РМК директоры М-ге қатысты қылмыстық істі тергелуде. Ол аталған кәсіпорында майнинг фермасын заңсыз орнатқаны анықталды.
«Тергеу барысында директор пайда табу мақсатында мемлекеттік мекеменің әкімшілік ғимаратының аумағында заңсыз көлеңкелі бизнесті ұйымдастырған. Ол үй-жайларда криптовалютаны өндіруге арналған цифрлық майнингтік ферманы орнатқан. Бұл ретте майнингтік операциялар үшін электр энергиясын тұтыну мемлекеттің бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасуда», - делінеді ведомствоның хабарламасында.