Алматыда маска шығаратын 6 отандық өндіруші пайда болды. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласы әкімдігінің дәрілік препараттармен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Өздеріңіз білесіздер, көктемде маскаға сұраныс жоғары болды. Осыған орай, Алматы қаласында қосымша маска шығаратын ірі алты отандық өндіруші пайда болды. Олардың күнделікті 882 мың маска шығаруға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар қазір қоймада 20 млн медициналық масқа сақтаулы. «СК Фармация» ЖШС қыркүйек айында қосымша 10 млн маска сатып алды. Қажет болған жағдайда интервенция үшін қолданылады»,– дейді Заңғар Сәлімбаев.
Қаладағы 867 дәріхананың 95 пайызы маскамен қамтамасыз етілген.
«Дәріханаларға күнделікті мониторинг жүргізіледі. Барлығында маска жеткілікті. Бұған қоса, Алматы қаласының медициналық ұйымдарында 1,6 млн жеке қорғану құралы бар. Жақында 2,7 млн астам құрал жеткізіледі. Бұл мәселе әкімдіктің қатаң бақылауында»,– деп қосты спикер.