18 қар, 2020 сағат 10:25

Алматыда МӘМС жүйесі енгізілгелі медициналық қызметтер көлемі ұлғайды – Тілеухан Әбілдаев

Биылғы жылдың 9 айында Медициналық сақтандыру қоры алматылықтарға сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтер үшін 37 млрд теңгеге жуық қаржы төледі. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Филиал директорының айтуынша, оның басым бөлігі стационарда көрсетілген медициналық қызметтерге тиесілі – 19,4 млрд теңге. 

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен бері 9 айдың қорытындысы бойынша медициналық қызметтер көлемінің ұлғайғанын байқауға болады. Мысалы, бұған дейін халықтың қалтасы көтере бермейтін қымбат диагностика мен операциялар енді медициналық сақтандыру қоры арқылы қол жетімді болды», - деп атап өтті Тілеухан Әбілдаев. 

Сонымен қатар, ол 6,5 млрд теңге КТ/МРТ сынды тағы да басқа консультативтік-диагностикалық қызмет түрлеріне төленгенін жеткізді. 

«Сондай– ақ, 5,9 млрд теңге жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын медициналық қызметтерге, 2,2 млрд тенге стационарды алмастыратын көмекке жұмсалды.Қалған қаржы профилактикалық тексерулерге, медициналық реабилитация және қалпына келтіруге бағытталған ем-дом үшін төленді», – деді ол.