«Ashyq» жобасы арқылы 28 сәуір мен 15 тамыз аралығында Алматыда «қызыл» мәртебесі бар 387 тұрғынға айыппұл салынды.
Олардың барлығы коронавирус жұқтырған және оқшаулау режимін бұзған.
Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, Алматыда «Ashyq» жобасының 6486 қатысушысы бар. Тағы 5 541 нысан ерікті түрде қатысып жатыр. «Аshyq» көшбасшылары - 105 нысан.
Жауапкершілігі төмен 362 қатысушы жобадан шығарылды.
«9-13 тамыз аралығында мониторинг топтары жүргізген тексерулер кезінде «Ashyq» жобасында жұмыс істейтін 23 субъектінің шектеу талаптарын бұзғаны анықталды, бұл бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетеді», - деді Жандарбек Бекшин.
Алматыда 29 шілде мен 5 тамыз аралығында «Ashyq» жобасы бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлік нысандардың кіреберісіндегі сканерлеу кезінде 1239 тұрғын «қызыл», 194 алматылықтан «сары» мәртебе анықталды.
9-15 тамыз аралығында қалада «қызыл» мәртебесі бар 144 тұлғаға айыппұл салынды.
Сонымен қатар, 28 сәуір мен 15 тамыз аралығында Алматы қаласында «қызыл» мәртебесі бар 387 жеке тұлғаға оқшаулау режимін бұзғаны үшін 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.