08 қаз, 2020 сағат 12:25

Алматыда күзгі ағаш егу науқаны басталды

Алматыда күзгі ағаш егу науқаны басталды. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қалалық жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпараті.

Оның айтуынша, Алматы сынды алып шаһардың көркін келтіруде, әсіресе ауа тазалығын сақтау үшін жасыл желектің орны ерекше. Сондықтан, көктем және күз мезгілінде ағаш отырғызу науқаны жүргізіледі.

«Бүгіннен бастап біз күзгі көшет отырғызуға кірістік. Олар осы жылдың 20 қарашасына дейін созылады. Шамамен 290 мың көшет отырғызу жоспарлануда. Көшет отырғызу көбіне Алатау, Наурызбай, Жетісу аудандарында жүргізіледі. Барлық тілек білдірушілер жасыл желектерді отырғызуға қатыса алады. Көшет отырғызу кестесімен басқарманың ресми сайтында таныса аласыздар. Жалпы, 3 жыл ішінде шамамен 1 млн жасыл желек отырғызылады»,– деді ол.

Сонымен қатар, спикер көшет отырғызудың негізгі талаптарын атап өтті.

«Биіктігі кемінде 3 метр, 5 қалыптасқан бұтақтары бар, 6-8 жастағы, оқпаны тегіс, диаметрі 3 см, күтімі кем дегенде 2 жыл болған ағаштарды отырғызуға рұқсат етіледі. Ағаштың түрін аймақтың климаты пен топырағында байланысты анықтау керек»,– деді Наталья Ливинская.