10 сәу, 2025 сағат 11:21

Алматыда күзетшіні көлікпен басып өткен тұрғын екі эпизод бойынша 22 жылға сотталды

Фото: видеодан кадр

Элиталық тұрғын үй кешенінде күзетшіні аяусыз соққыға жығып, көлігімен басып өлтірген ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ult.kz.

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі, 5-тармағы (кісі өлтіру) және 147-бабының 5-бөлігі (жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу) бойынша айып тағылған сотталушыны кінәлі деп тапты.  

2023 жылдың қыркүйегінде сотталушы өзінің құрбысы қарым-қатынасты жалғастырғысы келмейтінін білгеннен кейін, кек алу мақсатында оның жеке фотосуреттері мен видеоларын әлеуметтік желі арқылы таныстарына жіберген.  

2024 жылдың наурызында сотталушы мас күйінде жәбірленушімен жанжалдасып, төбелеске ұласқан. Кейін ол көлігімен тұрақ аумағында жәбірленушіні қағып, оның үстінен өткен. Жәбірленуші алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмды.  

Сотталушы жеке ақпаратты тарату айыбын мойындамады, ал кісі өлтіру бойынша кінәсін ішінара мойындап, жәбірленушінің өлімін қасақана жасамағанын айтты. 

Сот істі қарау барысында жазаны жеңілдететін мән-жайларды таппады. Іс-әрекеттің мас күйінде жасалуы ауырлататын жағдай ретінде танылды. 

  • - ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігі бойынша: 19 жыл бас бостандығынан айыру. 
  • - ҚК-нің 147-бабының 5-бөлігі бойынша: 4 жыл бас бостандығынан айыру. 

Жазаларды ішінара қосу арқылы түпкілікті 22 жыл бас бостандығынан айыру үкімі шығарылды.  

Сот сонымен қатар моральдық зиян үшін 20 миллион теңге және жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзғаны үшін 4 миллион теңге өндіріп беруді міндеттеді. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.