Фото: Көкіл мектебінің баспасөз қызметінен
Алматыда күйші композитор Қазанғап Тілепбергенұлының бай музыкалық мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында, тұңғыш рет «Күй төресі Қазанғап» атты домбырашылар байқауы өтіп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық Консерваториясының 80 жылдығы және күйші-композитор Қазанғаптың 170 жылдық мерейтойына арналған I-қалалық домбырашылар байқауын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық Консерваториясы, Домбыра кафедрасы және «Көкіл» мектеп-колледжі ұйымдастырған.
Соңғы зерттеулердің нәтижесінде Қазанғаптың бұрын соңды орындалмаған көптеген күйлері нотаға түсіп, күйшілердің репертуарларынан орын алып жүр. Қазіргі танда Қазанғаптың 79 күйі хатталып, музыкалық оқу орындарында репертуар ретінде ұсынылып отыр.
«Алматы жұртшылығы үшін, Алматы қаласы үшін бүгін үлкен оқиға. Алдматыда тұңғыш рет бірінші қалалық Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы домбырашылар сайысы ұйымдастырылып жатыр. Іш-шараның басты мақсаты, соңғы кезде біз қазанғаптың мұрасын зерттеп, 30-40 жыл бойы ел арасынан көптеген күйлерін, көптеген үнтаспаларын Маңғыстау, Ақтөбе облыстарымен қатар, Қарақалпақстан, Түркіменстан, Өзбекстан елдерін аралап, Қазанғаптың көзін көрген көптеген ақсақалдардың әңгімелерін, күйлерін жазып, осыдан 1-2 жыл бұрын «Күй төресі Қазанғап» атты 3 томдық күйлеріңн шығардық. Ол жерде Қазанғаптың 79 күйі нотаға түсіп, репертуарға енгізуге үлкен бір септігін тигізді. Яғни Қазанғаптың мол мұрасы жиналды деуге болады. Сол Қазанғаптың шәкірттерінің ізімен жүрдік. Әңгімелері, күйлердің шығу тарихын бәрін тыңдадық. Оның тағдыры да қазақ тарихымен байланысты. Қазанғап дүниеге келгенде Есет Көтібарұлы бастаған бірінші ұлт-азаттық көтерілісі болған, оған арнаған Қазанғаптың 3-4 күйі бар.
Ал бүгінгі байқаудың бас жүлдесіне 600 мың теңге және әрбір кезеңге қарай 12 орын белгілеп отырмыз», – дейді «Көкіл» мектебінің директоры Абдулхамит Райымбергенов.