
Алматыда күніне COVID-19 ауруымен 50 науқас ауруханаға жатқызылады. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бастығы Нариман Табынбаев онлайн брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Біз коронавируспен күресте жүйелі шешімдер мен тиімді тәсілдерді жедел жүзеге асыра алдық. Қазір барлық деңгейде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, соңғы уақытта жіті респираторлық аурулармен және тұмаумен ауыратындар санының артуы, сондай-ақ COVID-19 бойынша статистика біршама іркіліс тудыруда. Біз «сары аймақта» тұрақты тұрмыз және коронавирусқа шалдыққандар саны күн сайын 90 адамнан төмен түспейді. Сонымен қатар, КВИ диагнозы бар пациенттердің саны өсуде, яғни, ковидті пневмония. Біріншіден, біз бұл көрсеткіштерді вирус инфекцияларының маусымдық шарықтау шегімен байланыстырамыз. Жалпы, қаланың денсаулық сақтау жүйесі COVID-пен күресуге бейімделген және әртүрлі сценарийлерге дайын», - дейді қаланың бас дәрігері.
Алматыда пандемия басталғалы бері КВИ-дің 19 138 жағдайы тіркелді. Соңғы тәулікте 105 жаңа жағдай анықталды.
«Коронавируспен күресуге бағытталған уақтылы қабылданған шешімдер өз нәтижесін береді. Инфекциялық стационарлардың жүктемесі азайды, бүгінде 1 261 төсек жұмыс істейді, бұл ретте жалпы санының 68% - ы немесе 5 145 төсек резервте тұр. Қазіргі уақытта тәулігіне орта есеппен 50-ге дейін пациент ауруханаға жатқызылады», - деді ол.
